Posted by: baikasam | Қараша 1, 2007

Колдау

ҚАЗАҚ ТІЛІ – ҮШ ТҰҒЫРЛЫ ТІЛДІҢ, ҚАЗАҚ ҰЛТЫ – ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҰЛТТЫҢ ҚҰРБАНЫНА АЙНАЛА МА?..
Уақыты:2007-10-31
Егеменді мемлекет атанғанымызға 16 жыл толса да қазақ тілінің жұлдызы жанбай-ақ қойды. КСРО дәуірлеп тұрған 1989-жылдың өзінде тіл жанашырларының белсенді қайрат көрсетуінің арқасында, мемлекеттік тіл мәртебесін алған қазақ тілі содан бергі уақыт аралығында барынша тұқыртылумен келеді. Кезінде қазақ тілімен қатар орыс тіліне де мемлекеттік тіл мәртебесін беру мәселесі көтерілген болатын. Алайда ол идея елеулі тойтарыстарға тап болғаннан кейін билік өз дегенін жүзеге асыру мақсатында үш тұғырлы тіл (триединство языков) деген жаңа тәсілді ойлап тапты. Сонда қалай, артық-кемі жоқ бір-бірімен тең дәрежеде қолданылатын үш тұғырлы қазақ, орыс, ағылшын тілдерінің қайсысы мемлекеттік тіл мәртебесіне ие? Әлде үшеуін де мемлекеттік тіл деп қабылдаймыз ба?
Бір қарағанда үш тұғырлы тіл идеясында пәлендей кінәрат жоқ тәрізді әсер қалдырады. Шынтуайтына келгенде көп тіл игеруге ешкім қарсы емес. Әл-Фараби бабамыздың 76 тіл білгені біз үшін мақтаныш. Бірақ бала оң-солын танығанша өз ана тілінде оқып, білім алмаса, оның табиғи жолмен дамуына кінәрат түсіп, ұлттық ділін қалыптастыра алмайтыны белгілі. Мәселен, Жапонияда бала 12 жасқа келгенше тек өз ана тілінде тәрбиеленеді. Өзге де өркениетті елдерде, тіпті кешегі КСРО-ның өзінде бастауыш сыныптар тек ұлттық тілде оқытылды. Шет тілдерін игеруге 5-ші сыныптан бастап бұрылатын. Солай бола тұра «шаш ал десе, бас алуға» бейім кей пысықайлар үш тұғырлы тіл идеясын жалаулата көтеріп, әлі бұғанасы қатпаған, ой-санасы, буыны бекімеген 2-3 жасар сәбилерді балабақшадан бастап үш тілде оқытуға кірісіп кетті. Тіпті телеарналар бұл орайда қай облыстың игі нәтижелерге қол жеткізгендігін жарыса насихаттауда. Сонда тұнығы астан-кестен қозғалысқа түскен әлгі сәбилердің болашақ тағдырына кім жауап береді? Кезінде қазақтың дара перзенті Жүсіпбек Аймауытов: «Бала өз ана тілінде тәрбиеленбесе, өз ұлтына қызмет ете алмайды» деп ұран тастамап па еді? Жалпы үш тұғырлы тіл идеясы ешқандай ғылымға негізделмеген, педагогикалық өлшемдерге мүлде сыйыспайтын бастама. Оның үстіне үш тұғырлы тіл деген атауы да ақылға қонбайды. Байыбына барсақ, бірінші тұғырда тұратын тек мемлекеттік тіл болуы керек еді. Ал, өзге тілдерді онымен бір сапқа қатар қою – Ата Заңға қайшы. Сондықтан ең болмаса «мемлекеттік және қос тұғырлы тіл» десе бір сәрі. Біз «үш тұғырлы тіл» идеясын асығыс жасалған шешім деп білеміз.
1994-жылы 150 шалақазақ кәсіпкерлер биліктің жасырын түрде қолдауымен «қазақстандық ұлт» идеясын көтерді. Ол кәсіпкерлер «Казахстанская правда» (22 желтоқсан, 1994 ж.) газетінде былай деп жазды:
«В связи с введением… новых паспортов исключить графу «национальность», так как мы, многонациональный народ Казахстана, ЯВЛЯЕМСЯ ОДНИМ НАРОДОМ И НАЦИЕЙ – КАЗАХСТАНЦАМИ».
Байыбына барсақ, бастауын «американдық ұлттан» алатын «қазақстандық ұлт» идеясы бізге мүлде келмейді. Себебі, Америка ұлттық мемлекет емес. Ол елде бір кезде ашкөздік психология жетегінде тек баюды мақсат тұтқан басқыншы келімсектер салтанат құрды. «Американдық ұлт» идеясы зорлықпен, азаппен өлтірілген 150 миллионға жуық жергілікті үндістер сүйегінің үстіне бой түзеді. Сондықтан ол ел бізге экономика саласында үлгі саналса да рухани тұрғыдан мүлде үлгі бола алмайды. Адам баласының жалқыны мойындамай, жалпыны ұғуы мүмкін емес. Тіршілікте бір адамды сүю арқылы ғана бүкіл адамзатты сүюге, тануға жол табамыз. Әр адам өз ұлтыңның тілін, салт-дәстүрін сүю арқылы ғана басқа ұлттардың тіліне, рухани құндылықтарына үлкен құрметпен қарай алады. Тамырсыз бірде-бір өсімдік болмайтыны сияқты адам баласы да ата-тегімен, оның рухани құндылықтарымен көрінбейтін тамырлар арқылы жалғасқан. «Қазақстандық ұлт» идеясы бірте-бірте біздің сан ғасырлық ата-баба рухымен байланысымызды мүлде жойып, жаңа космополиттік болашақ қалыптастыратыны ешкімге құпия сыр емес.
Рас, біртұтас кеңес халқын жасау идеясын кезінде КСРО көсемдері де көтерді. Бірақ олар өз дегендеріне жете алмады. Оның үстіне бұл идеяны КСРО-ның соңғы президенті М.Горбачевтың өзі де қолдай қойған жоқ. Ол бұл тұрғыда былай дейді:
«Есть все основания предположить, что коммунистический космополитизм не мог победить по той простой причине, что в его фундаменте лежала утопия. Как мы уже с Вами говорили, национальные чувства, как и чувства собственности, имеют глубокие корни в душе человека. Можно смело утверждать, что нельзя стать гражданином вселенной, если ты не стал гражданином своей страны…
Нельзя было желать, чтобы русские забыли, что они русские, казахи забыли, что они казахи, а грузины забыли что они грузины. Здесь был просчет коммунистического эксперимента». (М.Горбачев, Д.Икеда, «Моральные уроки XX века», Москва, 2000 г.)
Егер бұл мәселеге ислам діні тұрғысынан қарасақ, ұлтты жою Алла қалауына қарсы шыққандық болып табылады. Өйткені Құран Кәрімде:
«…бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлтқа, руға бөлдік» (49-сүре) деген аят бар.
Сондай-ақ «үш тұғырлы тіл», «қазақстандық ұлт» идеялары қазақтардың мемлекет құрушы ұлт екендіктерін жоққа шығарып, бүгінгі билік басында қазақ халқы есебінен ұсталып отырған шамамен 90 пайыздық ұлттық көрсеткішті бірден құлдыратып, 5-10 пайызға дейін түсіріп жіберетіндігі күмәнсіз. Жуырда «қазақстандық ұлт» идеясының «Қазақстан – 2030» стратегиялық жоспарына енгені «Хабар» телеарнасы арқылы хабарланды. Бір сөзбен айтқанда бұл жолмен жүрер болсақ, келешекте қазақ халқы өз Отанында ұлт ретінде мемлекет басқару билігінен айрылады. Себебі, американдықтар сияқты ұлттық мәселе әркімнің жеке отбасылық шаруасы болып қалары хақ. Сондықтан да мұндай утопиялық идеяларға жол беруге болмайды деп білеміз.
Жуырда «Нұр Отан» партиясы жағындағы бір беделді газет «Нұр Отан» партиясы орыс тіліне мемлекеттік мәртебе беруге референдум өткізу туралы мәселе көтермек» деп жазды. Егер бұл идея расқа шықса, қазақ тілі былай тұрсын қазақ ұлтын жоюға үш бағытта жұмыс жасалып жатқанын айқындау қиын емес.
Ойланбай жасалған ағат қадам еліміздің бірлігі мен шырқын бұзуы мүмкін. Сондықтан біз билік тұлғаларын әлдекімдердің жетегінде кетпей, көтерілген мәселелер төңірегінде әлі де терең ойлануға шақырамыз.

Әбдіжәміл НҰРПЕЙІСОВ, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты;
Мұзафар ӘЛІМБАЕВ, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты;
Мұхтар ШАХАНОВ, Республикалық «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысының төрағасы, Қазақстанның халық жазушысы;
Қадыр МЫРЗА-ӘЛИ, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты;
Бибігүл ТӨЛЕГЕНОВА, КСРО халық әртісі, Еңбек ері;
Амангелді АЙТАЛЫ, философия ғылымдарының докторы, профессор;
Әлихан БАЙМЕНОВ, «Ақ жол» партиясының төрағасы;
Мекемтас МЫРЗАХМЕТОВ, филология ғылымдарының докторы, профессор;
Клара ХАН, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі,
Корея достық қоғамының вице-президенті;
Асылы ОСМАН, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Әзірбайжан мәдени орталығының төрайымы;
Ескендір ХАСАНҒАЛИЕВ, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты;
Темірхан МЕДЕТБЕК, «Жұлдыз» журналының бас редакторы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты;
Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты;
Талаптан АХМЕТЖАН, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары;
Смағұл ЕЛУБАЙ, Пен-клубтың вице-президенті;
Мереке ҚҰЛКЕНОВ, «Қазақ газеттері» ЖШС-нің бас директоры;
Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлықтың лауреаты;
Эрнест ТӨРЕХАНОВ, Алматы қалалық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы;
Марал ЫСҚАҚБАЙ, Қазақстан авторлары қоғамының төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері;
Тұманбай МОЛДАҒАЛИЕВ, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты;
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК, «Жас Алаш» газетінің бас редакторы;
Шәмшиддин ПАТТЕЕВ, «Түркістан» газетінің бас редакторы;
Мақсат ТӘЖ-МҰРАТ, «Ана тілі» газетінің бас редакторы;
Ертай АЙҒАЛИ, «Қазақстан-Заман» газетінің бас редакторы;
Құдияр БІЛӘЛ, «Жалын» журналының бас редакторы;
Шарафутдин ӘМІР, «Заң» ЖШС-нің президенті;
Қазыбек ИСА, «Жас қазақ үні» газетінің бас редакторы;
Қали СӘРСЕНБАЙ, «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы;
Жарылқап ҚАЛЫБАЙ, «Жұлдыздар отбасы» журналының бас редакторы;
Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ, «Алтын орда» газетінің бас редакторы;
Ермұрат БАПИ, «Тасжарған» газетінің бас оқырманы;
Серғазы МҰХТАРБЕКҰЛЫ, «Қазақстан» газетінің бас редакторы;
Қалдыбек ҚҰРМАНӘЛІ, Ш.Қалдаяқов атындағы халықаралық ән фестивалі дирекциясының бас директоры, композитор;
Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ, «Жұлдыз» журналының жауапты хатшысы;
Мыңбай ІЛЕС, журналист;
Оразхан ЖАРҚЫНБЕК, «Сана» газетінің бас редакторы;
Әлібек ҚАЛАМБАЕВ, ҚР халық ағарту ісінің үздігі, зейнеткер;
Кәдірбек СЕГІЗБАЕВ, жазушы;
Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ, ақын;
Әмірхан МЕҢДЕКЕ, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты;
Сабыржан ШҮКІРҰЛЫ, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері;
Нұрқасым ҚАЗЫБЕК, жазушы;
Айгүл ҮЛКЕНБАЕВА, ҚР еңбек сіңірген әртісі;
Бақытжан ТОБАЯҚОВ, ҚР Мәдениет қайраткері;
Дағжан БЕЛДЕУБАЙҰЛЫ, журналист;
Кемелбек ШАМАТАЙ, журналист;
Болат ШАРАХЫМБАЙ, ақын;
Есенғали РАУШАНОВ, «Жазушы» баспасының директоры, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты;
Жанболат МАМАЙ, журналист, т.б.

Advertisements

Responses

  1. Menide spisokka kosip koisa eken…

  2. Мүмкін бара-бара қазақ тілді алып тастаймыз не керек???бұл тілде дамыған мемлекеттер сөйлемейді го!! біздің басқарушы партиямыз тек мемлекеттің сыртқы саясатымен тұрақты экономикасынан басқа еш нәрсе қазақтырмайды ау!!!! бірінші Парламенттегі шала қазақтарды өз ана тіліне үйретсін ұяттары болса!! Қазақ тіліміз әлі өз дәрежесіне жеткен жоқ!!! жейтпейдіде!!! Парламентте мұндай адамдар отырса!!!!


Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s

Санаттар

%d bloggers like this: